Шығыс Қаратұрын кенорнындағы өрт 6 айдан соң сөндірілді

335

Аталған кен орнындағы өрт биыл 9 маусымда басталған еді.

Шығыс Қаратұрын кенорнындағы өрт 6 айдан соң сөндірілді       Фото: видео скриншот

Маңғыстау облысындағы "Бозашы Мұнай" компаниясы игеріп жатқан Шығыс Қаратұрын кен орнындағы ұңғымада өрт жарты жылдан астам уақыт жанды.

Аталған кен орнындағы өрт биыл 9 маусымда басталған еді. Тілсіз жауды өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті жер қойнауын пайдаланушы мен сервистік ұйымдардың жіберген кемшіліктерінен болған деп анықтады. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, апат ең күрделі деңгейге жеткен. Өртті сөндіріп, түбегейлі жою үшін мамандар апат болған ұңғыманы бұрғылап, кейін оған сөндіру ерітіндісін құйды.                                                        

"Бұрғылау ерітіндісін құйғаннан кейін ұңғыманы цементтеу жоспарланып отыр. Осыдан кейін қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын өзіне қосымша міндеттемелер алды. Маңғыстау ауданы әкімдігі мен мұнай компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келісім аясында бірқатар елді мекендердегі әлеуметтік жобаларға 50 млн теңге бөлінеді",- дейді компания өкілдері.

Айта кетейік, бастапқыда апаттың салдарын жою бойынша құрылған штаб екі қиғаш бағытты ұңғымалар мен тік ұңғыма бұрғылаудың жеке техникалық жобаларын әзірлеу туралы шешім қабылдады. 12 қазанда қиғаш бағытты босатушы ұңғымаларды бұрғылау 1220 және 1305 метр тереңдікте аяқталды.

Қазір тағы бір құбыр апатты ұңғыма бағытында бұрғыланып жатыр, оның мақсаты екі оқпанды қосу. 13 қазаннан бастап газ қабатын суға толтыру және оқшаулау мақсатында тұрақты су айдау жүргізіліп келеді. 20 қарашадағы жағдай бойынша, 40 000 м3 астам су жіберілді.

Нәтижесінде апатты ұңғымадан газдың шығуы айтарлықтай төмендеп, соның салдарынан жалынның қарқындылығы төмендеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу