Риддер қаласында 600 оқушыға арналған жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы 80 пайызға орындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нысанды 2026 жылғы тамызда пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жобаның жалпы құны 5 млрд 48,8 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы қаңтарда басталған.
28 шілдедегі жағдай бойынша мектепте ішкі әрлеу, желдету жүйелерін монтаждау және ғимарат қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар келесі кезеңге дайындық жұмыстары атқарылуда. Одан кейін оқу және технологиялық жабдықтарды орнату басталады.
Құрылыс алаңында күн сайын 57 маман еңбек етіп, үш бірлік техника жұмылдырылған. Бас мердігер мектепті қажетті жабдықтармен және арнайы техникамен қамтамасыз етуді де үйлестіріп отыр.
Жаңа мектепте кең оқу кабинеттері, мамандандырылған сыныптар, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана қарастырылған. Нысан заманауи қауіпсіздік және энергия тиімділігі талаптарына сай салынып жатыр.
Мектеп пайдалануға берілгеннен кейін 600 оқушы заманауи әрі жайлы жағдайда білім алады. Сонымен қатар қаладағы қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктеме азаяды.
Нысан құрылысы тұрақты бақылауда. Жұмыстар толық аяқталып, мектеп қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеннен кейін жаңа білім ордасы келесі оқу жылында алғашқы оқушыларын қабылдайды.