Шығыс Қазақстан облысында 69 жастағы Татьяна Ригер өмірінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әйел бұған дейін 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортын пайдаланған. Кейін құжатын жоғалтып алып, өмірлік жағдайларға байланысты оны ұзақ уақыт бойы қайта рәсімдей алмаған.
Жуырда Татьяна Ригер Риддер қаласының көші-қон қызметіне жүгінген. Мамандар оған қажетті құжаттарды жинауға көмектесіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік органдарға сұрау салған.
Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін тамыз айының соңында әйел Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет алды.
Енді ол мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді кедергісіз алып, өз құқықтарын толық пайдалана алады.
Татьяна Ригер көші-қон қызметінің мамандарына көрсеткен қолдауы мен мәселені шешуге көмектескені үшін алғысын білдірді.