Риддер қаласында 2012 жылы шыққан "КамАЗ" жүк көлігі жүріп келе жатып жанып кетті. ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жыл басынан бері 140-тан астам көлік өртенген.
Оқиға өткен демалыс күні Риддер қаласында болған. Белгілі болғандай қызыл жалын көліктің қозғалтқыш бөлігіне, аспаптар панеліне, салонын шарпыған. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығуына – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару себеп болды.
- Көлік өрттерінің шамамен 90%-ы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, автокөліктің электр жабдықтарының апаттық жағдайына байланысты шығады. Осы айдың өзінде облыста 15 көлік жанған. Сондықтан жүргізушілерді барынша абай болуға шақырамыз. Күн сайын көліктің барлық бөлігін, әсіресе қозғалтқышты мұқият тексеріп қарап шығу керек. Егер бір жерде май ағып кетсе немесе бензиннің қатты иісі сезілсе, онда қандай да бір ақау бар болуы мүмкін, - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.