Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құтқарушылар демалушыларға ескерту жасау үшін динамик функциясы бар дрондарды қолдануда.
Арнайы құрылғылар демалыс орындарының үстімен ұшып, азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін еске салады және қауіп-қатер туралы әуеден хабарлайды. Бұл әдіс көпшілікті қамтып, тұрғындар мен туристердің қауіпсіздік талаптарын сақтауына мүмкіндік береді.
Өңірде шомылу маусымы басталғалы бері 4 адам суға батып кеткен. Қайғылы жағдайлардың барлығы қауіпсіздік талаптарын сақтамаумен байланысты болған.
Сондай-ақ жаздың басынан бері суда болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 1200-ге жуық рейд жүргізілген. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзған 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО ТЖД мамандары заманауи технологияларды пайдалану су айдындарындағы бақылауды күшейтіп, қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті. Құтқарушылар азаматтарды тек рұқсат етілген орындарда шомылуға, судағы тәртіп ережелерін сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.