Шығыс Қазақстанда "Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы" республикалық маңызы бар тасжолын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұзындығы 121 шақырым болатын жол облысты Ресеймен байланыстырады. Өткен жылы оның 30 шақырымы толық жөнделіп, көлік қозғалысына ашылған. Биыл қалған 91 шақырымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Жол үш учаскеге бөлінген. Бірінші учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Екінші учаскеде асфальтбетон төселіп, қазір жол жиектері абаттандырылып жатыр. Оны тамыз айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Үшінші учаскеде асфальтбетон төсеу жұмыстары жалғасуда. Жоба екі жылға жоспарланғанымен, мердігер барлық жұмысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Жөндеу барысында жол төсемі суық ресайклинг әдісімен қалпына келтіріліп, асфальтбетонның екі қабаты төселеді. Сонымен қатар су өткізгіш құбырлар орнатылып, жол жиектері нығайтылады және жол белгілері жаңартылады.
Жөнделген жол учаскелеріне бес жылдық кепілдік беріледі. Ақау анықталған жағдайда мердігер оларды өз есебінен жоюға міндетті.