Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемен экологиясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Расында да, соңғы кездері Өскемен қаласында ауаның тазалығы өте нашар. Өскеменнің экологиясына географиялық, климаттық, антропогендік шарттар әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, қала сайда орналасуына байланысты және қыста қала маңында тұрған екі су электр станциясы дәл Ертіс өзенінде орналасқан. Қыстыгүні қандай аяз болса да, ешбір уақытта су қатпайды. Температураның өзгерісіне байланысты қала ішінде ылғал, дымқыл шыға береді. Жылына шамамен 180 күн жел болмайды, он шақты күн қолайсыз метеожағдайды туғызады. Қалада мыңнан астам кәсіпорын бар", – деді Көшербаев.
Оның ішінде 10 ірі кәсіпорын. Облыста жалпы 70 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген.
"Сонымен бірге автокөлік пен жеке сектордағы жер үйлердегі пештер де ауаны ластап отыр. Жылыту маусымы климатымызға қарай 365 күннің 204 күніне тең. Бұл мәселенің тарихи себептері бар. Себебі Өскемендегі өнеркәсіптік кәсіпорындар қала шегінде орналасқан. Стационарлық бекеттердегі мониторингке сәйкес, қазір қалада 49 мың тоннаға жуық ластаушы қалдықтар ауаға шығарылады", – дейді ол.