Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер спикерден "Уақыт белдеуін өзгерту туралы шешімді қайта қарау жоспарда бар ма?" деп сұрады.
Облыс басшысының айтуынша, уақыт белдеуін өзгерту мәселесі жергілікті биліктің құзыретіне кірмейді.
"Ол шешім Үкіметпен қабылданған. Сондықтан да біз оны орындауымыз керек. Әрине, кейбір тұрғындардың бір қиындықтары туындаған шығар. Кейбіреулері "баланы мектептен кешке жақын алып кетемін" дейді. Әрине, ондай болады. Бірақ уақыт өзгермесе де, егер ескі уақытты алсақ, таңертең қараңғы кезде баланы мектепке апарар едіңіз, кешке жақын алар едіңіз. Бұны айтып отырған себебім – мұндай мәселелерге үйрену керек. Екінші жағынан тұрғындардың ой-пікірлерін кезінде тиісті министрлікке жеткіздік. Қазіргі кезде бұл сұрақ Үкіметпен шешілген. Уақытымыз өзгертілді. Біз қазір облыс тұрғындарын (жаңа уақыт белдеуіне) бейімдеу мәселесін қалай жеңілдетуге болатынын ойлануымыз керек", – деді Ермек Көшербаев тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айта кету керек, Үкімет уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген деп отыр.