4 қаңтар күні полицияға әйел адам қоңырау шалып, Өскемен қаласының автовокзалында террористер 15 адамды кепілге алғанын хабарлады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап жазады.
Полиция қызметкерлері шұғыл түрде оқиға орнына барды. Тексеру жұмыстарынан кейін ақпараттың жалған екені анықталды. Орынсыз әзілдескен адам қаланың 59 жастағы мас тұрғыны болып шықты.
Ресми мәліметтер бойынша, мамандандырылған қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін әйелге 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
"Қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескере отырып, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама" бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеміз. Оның санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді", - делінген полицияның баспасөз хабарламасында.