Бүгінде Шығыс Қазақстанда 730 мыңнан астам әйелдер қауымы бар екен, деп хабарлайды egemen.kz.
Бұл - облыс тұрғындарының 50 пайызы. Олардың 60 пайызы экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың санатына жатады. Әйелдердің 40 пайызы басшылық қызмет атқаруда. Өңірдің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында барлығы 80 мыңдай әйел еңбек етуде. 24 710 нәзік жанды педагог жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда.
Аймақтың денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің көрсеткіші 90 пайыз болса, екі мыңдай әйел өңірдің мәдениет саласының дамуына үлес қосуда. Облыстағы "Алтын алқа" мен "Күміс алқаға" ие болған батыр аналар саны жеті мың шамасында екен. "Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр" демекші, өкінішке қарай Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер аналарымыздың саны жылдан жылға азайып барады. Қазір өңірде 1941 жылғы қанды қасапқа куә болған 29 ардагер бар. Тыл ардагері атанған аналардың саны 19 мыңға жетіп жығылады екен.
Осындай деректерді 8 наурыз мерекесі қарсаңында Өскеменде өткен салтанатты шара барысында шығысқазақстандық әйелдер қауымын мейраммен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы Әсем Нүсіпованың аузынан естідік.