"Даму" қоры мен Риддер қаласының әкімшілігі шағын және орта бизнес өкілдеріне 100 млн теңге бөлді, деп хабарлайды BNews.kz.
"Біз моноқалалармен арада шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржы бөлу жөнінде несие келісіміне бірінші рет қол қойып отырмыз. Риддер қаласы әкімшілігі мен "Даму" қоры паритетті негізде бөлген 100 млн теңге соншалықты орасан зор қаржы болмағанмен, бұл – моноқалаларда жеңілдікпен несиелендіруді қажет ететін шағын және орта кәсіпкерлік жанданып келе жатқанын білдіреді. Риддер қаласы үшін шағын кәсіпорындардың дамуы мен олардың тұрақты қалыпта ілгерілеуі қала қазынасына қосымша салық түсіріп, жұмыс орындары сақталып, жаңасының ашылуына ықпал етеді", – дейді қол қою рәсімінен кейін "Даму" Қоры басқарма төрағасының орынбасары Мирас Бейсембаев.
Құжат бойынша, бір кәсіпкердің қолына 30 млн теңгеге дейін тиеді. Жылына 8,5%-бен жаңа құрал-жабдықтар алып, ескісін жаңартуға 84 айға дейін, айналым қаражатын толықтыруға 36 айға дейін беріледі. Бағдарлама аясында қаржыландырылған кәсіпкерлер "Даму-Блиц" технологиясын және/немесе несие бойынша кепілзат жетпеген жағдайда "Даму" Қорының кепілдемесін пайдалана алады.
Қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Риддерлік кәсіпкерлер үшін бағдарламаға салалық шектеу қойылмайды. Әкімшілік пен "Даму" Қоры бөлген қаржының 50%-ы өңдеу өнеркәсібін қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Басымдық берілген салалар қатарында ауыл, балық, орман шаруашылығы және тамақ пен киім өндіру, тұрғын-жайға жатпайтын ғимараттар салу, қонақ үй мен тамақтандыру секілді тағы басқа да қызмет түрлері бар.
Сондай-ақ, ШҚО әкімшілігімен өңірдің ШОБ саласына 100 млн теңге бөлу жөнінде меморандумға қол қойылды.