Шығыс Қазақстанда 642 мектептің 12-сі апаттық жағдайда тұр.
Бұл туралы облыстық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсутова мәлімдеді.
Жуырда Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті облыс бойынша мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерген болатын.
Мониторинг бойынша облыстың 642 мектебі қамтылды. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайы, оның ішінде пәндік кабинеттермен, компьютерлермен, интернетпен және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі, мектептерді санитарлық-гигиеналық жайлылықпен (жылы дәретханалармен) қамтамасыз етуі, бейнебақылау жүйесінің болуы және жай-күйі, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуі, мектеп құрылысы, оқулықтармен қамтамасыз етуі бойынша мониторинг жүргізілді.
"642 мектептің 514-і типтік, 128-і бейімделген ғимараттарда орналасқан. Бір ауылдағы мектепте ішкі дәретхана жұмыс істемейді. Мектептердегі интернет жылдамдығы 2-ден 100 мегабитқа дейін, оның ішінде 319-ында жылдамдығы 4 мегабиттан төмен. Облыстың барлық мектептерінде (100%) жаңа модификациядағы бір-бір робототехника кабинеті бар. 61 мектепте компьютерлік сынып жоқ. Мәселен, 44 141 компьютердің 20%-ы моральдық тұрғыдан ескірген. 3275 интерактивті тақтаның 15%-ы істемейді", - деді ШҚО Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсутова.
Департаменттің мәліметінше, өңірдегі мектептердегі 461 физика кабинетінің 30%-ы ғана жаңа модификациядан (кабинеттердің 65%-ында зертханалар бар), 409 химия кабинеттерінің 24% жаңа модификациядан (68% кабинетте зертханалар бар), 362 биология кабинетінен – 31,7% жаңа модификациядан (кабинеттің 61% зертханалары бар).
Осылайша, мектептердің 62% ескі модификациялы кабинеттер жұмыс істеуде. Мектептердің тек 87% спорт залдары бар, олардың 43% тиісті инвентарьмен жабдықталған. Ал мектептердің 35%-ында бейнебақылау жүйесі стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып, қазіргі уақытта ол мектептерде бейнебақылау жүйелерін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мектептердің 84%-ында кітапханалар, 60%-ында оқу залдары бар.
Брифинг барысында департамент басшысы өңірдегі апатты жағдайдағы білім ошақтарына да тоқталып өтті.
"Облыс бойынша апаттық жағдайдағы және апаттыққа дейінгі жағдайдағы 12 мектеп анықталды. Апатты жағдайдағы 12 мектептің бесеуінің шатырына, қасбетке, ішкі әрлеуге және спорт залдарына күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді. Ағымдағы жылы облыс бойынша 80 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет, оның ішінде қаржыландыру тек қана 8 мектепке қарастырылған. Жалпы сомасы 1 миллиард 153 миллион теңге. Ал 254 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде қаржыландыру 97 мектепке жалпы сомасы 1 миллирд 413 миллион теңге қарастырылған", – деді Зейнеп Махсутова.
Таунар Қайратұлы