Шығыс Қазақстанда 1200 гектардан астам аумақты шарпыған өрт сөндірілді

356

 Тілсіз жау орман қорының 45 гектарын және ашық аумақтағы 1155 гектар жерді шарпыған.

Шығыс Қазақстанда 1200 гектардан астам аумақты шарпыған өрт сөндірілді Фото: бейнежазбадан

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Абай ауылдық округінде тұтанған табиғи өрт толықтай сөндірілді. Жалынның бір бөлігі Күршім орман шаруашылығы аумағына да тараған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күштері, орман шаруашылығының қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.

ШҚО ТЖД мәліметінше, өрт ошағына "Қазавиаорманқорғау" десантын жеткізу үшін ТЖМ тікұшақтары мен облыс әкімдігінің авиациясы пайдаланылды. Ал жерүсті техникасы жете алмайтын аумақтарда өртті әуеден ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" АҚ-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған тікұшағы сөндірді. Авиация 41 мәрте су төгіп, жалпы 123 тонна су шашқан.

Сондай-ақ мамандар желдің бағыты мен өрттің таралуын үздіксіз бақылауда ұстады.

"Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ", – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау орман қорының 45 гектарын және ашық аумақтағы 1155 гектар жерді шарпыған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу