Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері 392 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуына қатысты 86 жағдай анықталды. Алкоголь ішіп, қоғамдық орындарға масаң күйде келгендерге қатысты 79, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғандарға байланысты 74 дерек тіркелді.
Жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Бір тәулікте жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 53 жағдайы, көлікті мас күйінде басқарудың 4, қарсы бағытқа шығудың 3 және көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік басқаруының 3 дерегі анықталды.
Сонымен қатар 24 азамат уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылды.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы 21 тамызға дейін жалғасады. Полиция қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жалғастырады.