Шығыс Қазақстанда алаяқ арзан бағаға қант сатамын деп тұрғындардың 90 млн теңгесін алдап алған

674

Елімізде қант тапшылығы байқалған сәттен-ақ, алып-сатар саудагерлер көбейген.  

Шығыс Қазақстанда алаяқ арзан бағаға қант сатамын деп тұрғындардың 90 млн теңгесін алдап алған

Бағасы шарықтап кеткен қантты олар 480 теңгеге сататынын айтқан. Бастапқыда елдің сеніміне кіру үшін олар тауарды уақытылы жеткізіп беріп отырған. Ал екінші рет тапсырыс бергенде қоян-бұлтаққа салып сан соқтырып кеткен.

Тұтынушылардың ұрымтал тұсын дәл тапқан алаяқтар Өскемен мен Риддер қалаларының 100-ге жуық тұрғынын алдап соққан.

Қантты арзанға сататындығын айтқан ол бір аптаның ішінде қыруар ақша тапты. Бұл жайлды ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бастапқыда алаяқ өзін көтерме саудагер ретінде таныстырып, нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағаға қант сататындығын жеткізген. Кейін тапсырыс берушілерден алдын ала төлем жасағаннан кейін ғана тауарды алатынын айтқан.

"Алаяқ өз әрекетін жүзеге асыру үшін алдын ала жоспар құрып алған. Қантты келісіне 480 теңгеге сататындығын айтып, клиент тартты. Алғашында расыменде қантты жеткізіп берген. Осыдан кейін алған азаматтар бұл жайлы туған-туыс, көрші-қолаңға айта бастады. Олар бірігіп ақша жинап, қантқа тапсырыс берген. Сөйтіп, шотына қомақты ақша түсірген әйел тауарды жеткізбеді", – дейді Ерлан есімді өскемендік.

Ал Айнұр есімді Өскемен қаласының тұрғыны да алаяқ саудагерге 80 мың теңгесін алданған. Белгілі болғандай ол да бірінші тапсырысын алғаннан кейін сеніп қалған.

"Арзан бағаға қант әкеліп беремін деген соң тапсырыс бердік, ақшасын аударғаннан кейін ертеңінде тауарымызды қолымызға табыстады. Бірақ барлығы бір жерден келмеген. Сорты әртүрлі. Екінші рет тағы тапсырыс бергенімізде, аптаның соңында жеткізіп беретіндігін айтты. Бірақ содан бері көп уақыт өтті, әлі жоқ. Хабарлассақ, "әне-міне" деп әлі жүр. Тек мен ғана емес, басқа кісілерде де осындай жағдай. Қант тауып бере алмаса, ақшамызды қайтарсын", – дейді қала тұрғыны Айнұр.

Өскемен мен Риддер қалаларының 100-ге жуық тұрғыны 29 жастағы әйел адамның шотына 5 мыңнан 4 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде ақша жіберген. Арам ойын іске асырған алаяқ осылайша талайды шығынға батырды.

"Бір аптаның ішінде осыншама адам алданып отыр. Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі 90 млн теңгені құрайды. Күдікті ретінде Өскеменде тұратын 29 жастағы әйел қолға түсті. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – дейді департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Татьяна Карпова.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу