Шығыс Қазақстанда алаяқтар бүтіндей бір ауыл халқын сан соқтырған

5337

Тарбағатай ауданы Ахметбұлақ ауылындағы тұрғындарының қолда бар төрт-түлігін түлдей алаяқтар тиеп әкеткен. 

Шығыс Қазақстанда алаяқтар бүтіндей бір ауыл халқын сан соқтырған Фото: inbusiness.kz

Ауыл халқы өткен жылғы құрғақшылықтан кейін, бағып отырған малдарын қыстан шығара алмаймыз деген оймен сатпақ болған. Өңірде ет өткізетін өндіріс болмағандықтан алып сатарларға алдындағы малын қарызға берген.  Бірақ, қой-сиырын пұлдап берген соң ақшасын қайтарамыз дегендер хабарсыз кеткен. 

-          Жалпы ауылға 38 миллиондай қарыз. Менің өзіме 7 миллион қарыз. 300 бас қойымды тиеп әкетті. Сол беті жоқ болды. Мал да жоқ, ақша да жоқ сонымен жүрміз міне. Бір жылға жуық уақыт болды. Қорамыз қаңырап бос қалды -дейді Ахметбұлақ ауылының тұрғыны, Назар Садуақасов.

-          Мен ана Қордайға да саттым мал. Олар да қарызға деп алып кеткен. Олардан да әлі ала алмай жүрміз ақшаны. Енді ауылда қалай күн көреміз. Маңдай термен өсірген малымызды алаяқтар жем қылады. Осыдан кейін ауылда тұғың да келмейді. Ал таяу жерге сатайық десек, өңірде ет өткізетін бір де бір өндіріс орны жоқ. Еріксіз осылай сатамыз деп алданып қалып отырмыз. Таяу жерден халыққа жағдай жасап, өнімді өткізетін жағдай жасалса ғой шіркін!-дейді Ахметбұлақ ауылының тұрғыны, Қалихан Тисанов.

Шығыс Қазақстан мен Абай облысыда бүгінде бір де бір ет өңдейтін ірі кәсіпорын жоқ. Шұжық жасайтын 3 шағын цех қана жұмыс істеп тұр. Мыңғырта мал айдағандар ет тапсыратын жер таппайды. Абай облысы  басшыларының мәліметінше соңғы жылдары өңірде төрт-түлік саны еселеп артқан. Сондықтан шикізат өткізетін ірі өндіріс салу арқылы шаруалардың мәселесін шешемуге талпынып жатырмыз дейді. 

-          2023-2024 жылдарға нақты жоспарымыз бар. Оның бірі Семей қаласы аумағында орналасатын кәсіпорын. Оның жылдық қуаттылығы 12600 тонна. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаға сәйкес оның құрылысын аяқтау және пайдалануға беру келесі жылға жоспарланған-дейді Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары, Айдын Кәрімов.  

Оған қоса Семейде 600 тонна шикізат өңдейтін, ет-консерві зауытын да жыл соңына дейін іске қосу жоспарда бар көрінеді. Жобалар ойдағыдай орындалса ауылдағы ағайынның  тап болып келген түйткілі шешімін табатын сыңайлы. Ал маңдай термен өсірген малынан айырылып, алаяқтарға алданған ахметбұлақтықтар енді құқық қорғау органдарына жүгінуден басқа амал қалмады деп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу