Шығыс Қазақстанда аяз бен бораннан қойшылар адасып, жолаушылар үсіп қалған

1316

Облыстың солтүстік-шығысында минус 42 градусқа дейін аяз болады.

Шығыс Қазақстанда аяз бен бораннан қойшылар адасып, жолаушылар үсіп қалған Фото: inbusiness.kz

Шығыста қыс қаһарына мінді. Сары аяз сақылдап, боран ұлып, жұртшылық әбден әбігерге түсті. Салдарынан шопандар жоғалып, талай жолаушы жолда қалған.

Кешелі бері аймақта ауа температурасы -33-35 градус аязды көрсетіп тұр. Сондықтан бүгін  өңірдегі барлық аудан мен қалада мектептерінде бірінші ауысымдағы сабақ онлайн оқуға ауыстырылды. Колледждердің 1-2 курс  студенттері де қашықтан оқиды.

Аяз бен боранға қарамастан жолға шығып, далада қалған жүздеген адам құтқарылды. Әсіресе, Зайсан мен Тарбағатай ауданындағы Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары дамыл тапқан жоқ. Екі күн бұрын Зайсан ауданында Қаратал ауылының маңында бір шаруашылықта мал бағып жүрген екі шопанның адасып кеткені туралы хабар түседі. Құтқарушылар бірден іздестіруді бастайды. Шопанның бірін  көп ұзамай аман-есен өрістен малымен бірге табылады. Ал екінші шопан үйіне өзі оралған.

- Қатты аяз бен көз түрткісіз бораннан 1963 және 1983 жылы туған  екі ер адамдар адасып кеткен. Солардың бірі, 1963 жылы туған ер адам "Жадыра" шаруа қожалығынан 5 шақырым жерде табылды, екіншісі өз бетімен оралды. Шопандардың жағдайы жақсы. Оларға медициналық көмек қажет емес. Оларды құтқарушылар фермаға аман-есен жеткізді, - дейді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

"Омбы-Майқапшағай" тас жолында жағармайы қатып қалған 16 жүк көлігі Қаратал ауылының маңында қалған. Бір жүргізушінің қолын аздап үсік шалған. Оған медициналық көмек көрсетілді. Ал қар құрсауында қалған басқа жүргізушілерді құтқарушылар аман-есен қонақ үйлерге жеткізді.

Айта кетейік, 26 қарашада қалың қар мен қатты боран салдарынан "Өскемен-Алтай" автожолының 65 шақырымында қар көшкіні түскен. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген.

Сақылдаған сары аяздың кесірінен Өскемен қаласының ішіндегі трамвайдың сымы үзіліп кеткен.

- Қатты аязға байланысты Н.Назарбаев даңғылында трамвайдың байланыс сымы үзіліп кетті. Үшінші бағыт жабық. Трамвайлар "Машзавод" ауданын айналып жүреді, - деді "Өскемен Көлік Компаниясы" ЖШС.

"Қазгидромет" РМК филиалының ақпараты бойынша, 28 қарашада облыстың солтүстік-шығысында сынап бағаны минус 42 градусқа дейін төмендейді. Осы ретте ТЖ қызметі аймақ тұрғындарына алыс жолға шықпауға кеңес береді. Аулаға шыққанда қалың киіну қажет. Сондай-ақ аязды күндері мас күйде далада жүру қауіпті екенін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу