Облыстық кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеу барысында өңірде кадр тапшылығы бар екені анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әсіресе өндіріс, құрылыс, сауда, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада тапшылық жоғары.
– Зерттеуге Шығыс Қазақстан бойынша 2 мыңға жуық кәсіпорын қатысты. Олардың есептеуі бойынша 2025 жылы кадрларға деген қажеттілік 7 965 адамды құрайды. Әсіресе жұмысшы мамандықтарында бос орын көп, – дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан.
Сонымен қатар, кен күйдіру және металл күйдіру пештерінің операторы, газ кесушілер, автослесарь, автомеханик, арматурашы, металл құрылымдарын монтаждаушы, электрик, ағаш ұстасы, сатушы мен автобус жүргізушісіне сұраныс жоғары.
– Жоғары білімді мамандарға сұраныс салыстырмалы түрде төмен. Негізгі қажеттілік – колледж түлектері. Бұл – 4,3 мың адам, – дейді Әсет Әділхан.