Шығыс Қазақстан облысында басқа елдің азаматтығын алғанымен, бұл туралы ескертпей, Қазақстан құжаттарын пайдалануды жалғастырған азаматтар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері 550-ден астам адамның Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелген. Олардың басым бөлігі шетел азаматтығын алған.
Алайда кейбір азаматтар Қазақстан аумағында тұру, сондай-ақ әлеуметтік және зейнетақы жеңілдіктерін пайдалану үшін қазақстандық құжаттарын қолдануды жалғастырған.
Азаматтық туралы заңнама талаптарын бұзған 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған. Тағы 9 адам Қазақстан Республикасының паспорты немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
Осындай фактілердің бірі облыс орталығының 64 жастағы тұрғынына қатысты анықталды. Ол басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уақтылы хабарламаған және Қазақстан құжаттарымен жүрген. Тексеру барысында оның құжаттары тәркіленіп, Қазақстан азаматтығын жоғалтқаны тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Қазақстан заңнамасында қос азаматтыққа жол берілмейтінін ескертті. Басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы көші-қон қызметіне хабарлап, Қазақстан құжаттарын тапсыру қажет.