Шығыс Қазақстанда мектеп ғимараты жекеге сатылды

992

"Бүтін ғимаратты қираудан аман алып қалу үшін аукционға қойдық".

Шығыс Қазақстанда мектеп ғимараты жекеге сатылды

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жетірал ауылындағы мектеп ғимараты аукционда сатылды. Ғимаратты аудандық экономика және қаржы бөлімі gosreestr.kz сайты арқылы бастапқыда 187 мың теңгеге сатылымға шығарған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл – ескі мектеп ғимараты, 1970 жылы салынған, екі қабаттан тұрады, аумағы 3489,6 шаршы метр. Ауылда 2017 жылы жаңа мектеп қолданысқа берілгеннен кейін босап қалған. 

Ғимаратты 187 мың теңгеге "Consulting centre group" деп аталатын сатып алу-сату кезіндегі делдалдық қызмет атқаратын жергілікті компания бағалаған. Аукцион 26 тамызда аяқталып, ғимарат 21 952 090 теңгеге өткен. 

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы таратқан ақпарат бойынша, сатып алушы Мейрамбек Нұрмолдин есімді осы ауданның тұрғыны.

– Сатып алған кәсіпкер ескі мектептің жанынан аудандық спорт мектебінің филиалын салып берген еді. Онда қазір ауыл балалары күреспен шұғылданады. Енді ол "Жетіарал" деген атаумен минералды су шығаруды жоспарлап отыр. Осы ғимараттың екінші қабатына сол минарлды су цехын ашып, бірінші қабатын қатымханаға айналдыруды жоспарлап отыр. Әуелде ғимарат бағасы көтерілетінін білдік, бірақ жиырма миллионға дейін шарықтап кетеді деп ойламадық. Тендерге қатысушы біз ойлағаннан көп болды. Мейрамбек Нұрмолдин бастап қойған жобалары болған соң соңына дейін сатып алуға күш салды, – дейді ауыл әкімі Серік Қажиекберов.

Қазір шекаралы аймақтарды аралаған адам тоналған ауылдарды аралағандай әсерде болады. Халық қалаға көшіп, көптеген ғимарат пен үйдің қаңқасы ғана қалған ауылдар бар. Жетіарал ауылының әкімі "бүтін ғимаратты қираудан аман алып қалу үшін сатылымға шығардық" дегенді айтады.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу