Шығыс Қазақстанда мектеп оқушылары дене шынықтыру пәнін дәлізде оқып жүр

763

Мектеп басшылығы мердігердің жұмысын сапасыз деп бағалайды. 

Шығыс Қазақстанда мектеп оқушылары дене шынықтыру пәнін дәлізде оқып жүр Фото: Таунар Қайратұлы

Самар ауданына қарасты Миролюбовка ауылының мектеп оқушылары дене шынықтыру сабағын спорт залда емес, білім ошағының кіреберісіндегі дәлізде өткізіп жүр. Себебі, осы жазда ғана спорт залға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, мектеп басшылығы мен ата-аналар мердігердің істеген жұмысы балаларының қауіпсіздігіне сай емес екенін айтады, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жуықта арнайы білім ошағына барып қайттық. Көзімізбен көргендей, мектептің кіреберісінде теннис үстелі тұр. Оқу орнының директоры Жанат Болатбекқызының айтуынша, бүкіл мектептің дене шынықтыру сабағы осы жерде өтеді екен. Екі оқушы ойнағанда, қалғаны кезегін күтіп қарап тұрады.

Аталған мектептің спорт залына "MEGA-STR" ЖШС осы жазда жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мектеп директоры жұмыстың құны 6 млн 880 мың теңгені құрағанын айтады.

"Жөндеу жұмыстары маусым айында басталды. Спорт залды тапсыру мерзімі шілденің аяғында болды, бірақ "MEGA-STR" ЖШС мердігерлері жөндеу жұмыстарын аяқтап, нысанды уақытында тапсыруға үлгермеді. Өйткені, оларда жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар болмады. Жұмыс уақтылы және талапқа сай орындалмаған. "MEGA-STR" ЖШС мердігерлеріне сапасыз жұмыстары үшін экономикалық сотқа арыз жаздық. Сот мердігерлердің жұмысын сапасыз деп таныды. Бірақ "MEGA-STR" ЖШС арызға апелляциялық шағым түсіріп, екінші сот олардың талаптарын қанағаттандырды. Қазіргі уақытта "MEGA-STR" ЖШС-тің анықталған кемшіліктерін жою үшін қайтадан экономикалық сотқа арыз әзірлеп жатырмыз", – деп түсіндірді Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінің директоры Жанат Болатбекқызы.

Автор фото: Таунар ҚайратұлыМектеп басшысы еденге төселген тақтайлардың шегелері шығып, ісініп кеткенін айтады. Тіпті беті де үстіріктелмеген.

"Еденге төсеген тақтайлары су болды. Сметалық құжат бойынша құрғақ материал болуы шарт. Олар бізге тақтайды Ресейден әкелдік дейді. Бірақ әкелгендері көгеріп, ісініп ашылып жатыр. Сынып кетуі де мүмкін. Кей жерлері былқылдап тұр. Қазір мұнда сабақ өтілмейді. Шегелері де шығып жатыр. Мердігерге айтсақ, балаларыңыз шегелерден абайлап жүрсін дейді. Бір түсінгенім, мердігер балалардың қауіпсіздігін ойлап отырған жоқ", – деді мектеп директоры.

Автор фото: Таунар Қайратұлы

Айта кетейік, мектеп 1971 жылы салынған. 72 оқушы бар. Шағын орталықта 20 бала бар. Мектеп директоры бізге мердігерлердің спорт залға салған есігін көрсетті. Ішкі және сыртқы екі есігі бар екен. Бір қызығы, ішкі ағаш есігі тар болса, сыртқы темір есігін дене шынықтыру пәні мұғалімінің өзі аша алмады. Тас болып қарысып қалған. 

"Спорт залға мердігер есік салды. Бірақ ол ескі, боялған. Айтсақ, мойындамайды. Өрт қауіпсіздігінің талаптары бойынша, есіктің кеңдігі 130 сантиметр болуы керек. Бірақ ішкі есік талапқа сай емес. Ертең өрт шыққан жағдайда оқушылар қысылып қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне, сыртқы темір есік ашылмайды. Баланы қойып, ер мұғалімдер әрең ашады. Өткенде қатты аяз кезінде есік мұз болып қалды", – деп қосты Жанат Болатбекқызы.

Ауыл тұрғындары да балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Себебі, едені үстіріктелмеген. Оның үстіне жылу батареяларының қорғаныш тақтайлары да майдаланбаған. Жарақат алулары ықтимал.

"Мынаның бәрі сапасыз істелген. Мынау жас ағаш. Оның үстіне, беті майдаланып, үстіріктелмеген, қолға тікені кіреді. Жарқаштанып сынып жатыр. Ертең бала жығылса, денесін бір-ақ жарақаттайды ғой. Мұнда біз балаларымызды жібере алмаймыз. Жарақат алуы мүмкін. Біз жауапты мердігердің жұмысты қайта сапалы жасауын талап етеміз. Мемлекеттен қаржы бөлінген соң жұмыстың сапасы мен балаларымыздың қауіпсіздігі маңызды", – деді Миролюбовка ауылының тұрғыны Нұржақып Қабылбаев.      

Осыған дейін, мектеп оқушылары кешке мектептің спорт залында футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын. Қазір оның бірі де жоқ. Ауыл тұрғыны Нұржақып Қабылбаевтың немересі волейболмен айналысады. Шарасыздықтан ақсақал  немересін 18 шақырым қашықтықтағы Самар ауылына күнде көлікпен апарып-әкеліп тұрады.

Автор фото: Таунар Қайратұлы

"Немеремді Самар ауылына волейбол ойнауға күнде кешке апарып тұрамын. 2-3 сағаттай күтіп отырамын. Бұрын өзіміздің спорт зал болғанда жақсы еді. Қазір жоқ. Бала ғой, ойнағысы келеді", – деп түсіндірді Нұржақып Қабылбаев.

Осы орайда "MEGA-STR" ЖШС-нің өкілдерімен де хабарластық. Олардың айтуы бойынша, спорт залдың іші ылғал болған. Өйткені, күздегі қалың жаңбыр ішіне өтіп кеткен көрінеді.

"Қабырғалары көгеріп кеткен. 2023 жылдың қараша айына дейін жылу болған жоқ. Күздегі қалың жаңбыр залдың фундаменті арқылы ішке кірді. Оның үстіне, төбесінен де су ақты. Төбені толық жауып үлгермеген. Біз көгерген тақтайды қайта ауыстырдық. Кей жерлерінде тақтайлар бір-бірімен дұрыс жапсарланбады. Біз оны істейік десек, мектеп басшылығы еденді толық қайта ауыстырасыздар деп талап қойып отыр. Біз осы істеген жұмысымызға 3 жыл кепілдік мерзім береміз. Тақтайлар үстіріктелген. Ресейден алдырттық. Залдың ішіне толық жөндеу жұмыстарын жүргіздік", – деді "MEGA-STR" ЖШС-нің өкілі Бақытбек Болатбекұлы.

Мектеп директоры мердігердің сөзімен келіспейтінін айтты.

"Себебі, қолымда Күршім аудандық бөлімшесі ҚР ДСМ СЭСБК "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК ШҚО бойынша филиалының 2023 жылдың 10 қазанында жасалған 38 хаттамасы бар. Бұл хаттамада мектептің ешбір жерінде ылғалдың жоқтығы анық көрсетілген. Самар ауданының әкімі Н.Махамбетовтің 2023 жылдың 26 қыркүйектегі №230 қаулысы (Самар ауданында жылу маусымының басталуы туралы) негізінде мектепте от жағу мерзімі 01.10.2023 күні басталған", – деп атап өтті мектеп басшысы Жанат Болатбекқызы.

Айта кетейік, мектептің жөндеу жұмыстарына екі бөлек конкурс жарияланған. Екеуін де "MEGA-STR" ЖШС жеңіп алған.

Автор фото: Таунар ҚайратұлыБірінші конкурс бойынша, ашық байқауды бірыңғай ұйымдастырушы – Самар ауданы бойынша экономика және қаржы бөлімі өткізді. Байқаудың қорытындысы бойынша, жұмыстың құны – 6 млн 880 мың теңге. 

Жасалатын жұмыстар: еден тақтайлары толығымен және бұл жерде қос еден (двойной пол) болу керек. Соның ішінде жарықты ауыстыру, сыртқы есікті ауыстыру, 8 терезе және батареялардың қорғаныштары бар. Ақшасы төленген жоқ.

Ал екінші байқау бойынша жұмыстың жалпы құны – 4 млн 880 мың теңге. Бұл жұмысты аяқтаған және ақшалары төленген. Жасалған жұмыстар: қабырғаны ақтау, сырлау жұмыстары, жаттықтырушы кабинеті, балалар шешінетін бөлменің есіктері, жаттықтырушының кабинетінің терезесі, спорт залдың есігі (пластик).

Аталған мектептің директоры құрылыс жұмысын қазір қабылдап алмайтынын және ақшасын да төлемегенін айтты. Мердігердің жұмыс сапасына қатысты тағы да құзырлы органға шағымданатынын жеткізді.

Автор фото: Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу