Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында күн райының күрт жылынуына байланысты облыстық маңызы бар Шілікті-Ақжар аралығындағы жолды тасқын су басты. Ауданда кеше жаңбыр жауып, бүгін соңы қарға айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соңғы бір аптада өңірде ауа температурасы күрт жылынып, таудағы қар сулары еріп жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, су Жаңалық ауылының тұсындағы жолдан асып аққан.
"Кешегі жаңбырдан кейін қар еріп жатыр. Таудан келген су жолдың шетімен ағып, екі жерден жолдың үстінен ақты. Судың арнасын дер кезінде бұрып, жолды сақтап қалдық. Қазіргі таңда ауылдарға су кірген жоқ, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бес техника, 50 адам жұмылдырылды. Сонымен қатар, арнайы күзет қойылды", – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.
Айта кетейік, жуықта Күршім ауданында да Күршім-Ақсуат жолының Кенжебай учаскесінде еріген қар суы жолды шайып кеткен болатын.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл Шығыс Қазақстан облысында 71 өңірді су басу қаупі бар екен.