Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылыту маусымы басталғалы бері жеке тұрғын үй секторында 181 өрт шыққан. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,1%-ға аз. Алайда тілсіз жаудан адам өлімі 16%-ға артып отыр.
Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті.
- Тілсіз жаудан адам өлімі 16%-ға артып отыр. 50% жағдайда қаза болғандар алкогольді ішімдік ішіп, өрт шыққанда сыртқа шығып үлгермеген. Абырой болғанда, өрттен бала өлімі болған жоқ, - делінген ақпаратта.
Көміртегі тотығынан уланғандар саны 37%-ға өсті. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері - пеш пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, пештегі жарықтар және бітелген мұржа.
- Өрттің алдын алу үшін ТЖД мамандары жеке тұрғын үй секторында рейд жүргізіп, 160 000-нан астам ауланы аралап шықты. Нәтижесінде, 40 012 үйде 42 820 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Бұзушылықтардың көбісі жылыту жүйелерін, электр желілері мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбауға байланысты, - делінген хабарламада.