Шығыс Қазақстанда шахта суын өзенге ағызған компания жауапқа тартылды

305

Шахта суын Березовка өзеніне ағызған Dengbo Success Minerals LTD компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс сотқа жіберілді.

Шығыс Қазақстанда шахта суын өзенге ағызған компания жауапқа тартылды Фото: yk-news.kz

Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті шахта суын Березовка өзеніне ағызған Dengbo Success Minerals LTD компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті YK-News.kz порталына сілтеме жасап.

Экология департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328, 331, 337 және 358-баптары бойынша жауапкершілікке тартылған.

2026 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша компанияның экологиялық рұқсаты болмаған. Іс материалдары заңнамада белгіленген тәртіппен қарау үшін сотқа жолданды.

Департаменттің мәліметінше, кен орнында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілген кезде шахта суы сорғылар арқылы тартылып, Березовка өзеніне ағызылған.

Осыған байланысты мамандар қоршаған ортаға келтірілген ықтимал әсерді бағалау үшін өзен суы мен топырақтан сынама алған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде өзен суы мен топырақ құрамында ластаушы заттардың мөлшері жоғарылағаны анықталып отыр.

Экология департаменті кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Сондай-ақ кен орны аумағындағы шахта суларының, ластанған жаңбыр және еріген қар суларының су айдындарына түсуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау міндеттелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу