Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемесіне қосымша камералар орнатылады. Себебі осыған дейін сол түрмеде жазасын өтеушілердің жақындары сотталған туыстарының азапталғанын айтып, наразылық танытқан. Тіпті әлеуметтік желі арқылы видео таратып, көмек сұраған болатын.
Түзету мекемесіндегі қатыгездік жағдай желі қолданушылардың да наразылығын тудырды. Осыған орай ШҚО прокуратурасы арнайы тексеру жүргізіп, адамдардың азапталғанын растаған. Прокуратураның мәліметінше өңір аумағында 6 түзеу мекемесі орналасқан. Онда 2 798 адам жазаларын өтеп жатыр.
- Қазіргі уақытта түзеу мекемелеріндегі заңның сақталуы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында. Сотталған адамдарға қатысты заңсыз іс-әрекеттерге, азаптауларға және өзге де қатыгездіктерге жол бермеу үшін прокуратура қызметкерлері мекемелерді аралап, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштерден алынған жазбаларды тұрақты түрде қарап тексеруде, сотталғандарды жеке қабылдап жатыр. Бүгінде аймақтағы түзеу мекемелерінің аумағын түгел шолып қарау мақсатында сотталғандар көп жиналатын орындарда 1 044 бейнебақылау камерасы орнатылған, - делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек осы жылдың соңына дейін "көрінбейтін аймақтарды" қарау мақсатында қосымша бейнекамералар орнату жоспарлануда.
- Сотталғандар электронды түрде өтініштерін беру үшін үздіксіз бейнебақылауы бар 37 терминал орнатылған. Жыл басынан сотталғандар терминалдар арқылы уәкілетті органдарға 350 өтініш, оның ішінде прокуратура органдарына 250 өтініш жолдады. Алайда азаптау туралы өтініштер түспеді, - делінген хабарламада.