Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарының тұрғындары жұмысты таңғы 08:00-де бастап 17:30-да аяқтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Наурыз айынан бастап Шығыс Қазақстанның төрт ауданында жұмыс кестесі өзгерді. Енді Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарының тұрғындары 08:00-17:30 аралығында жұмыс істейді. Ал түскі үзіліс сағат 12:00-ден 13:30-ға дейін.
"Жаңа кесте халыққа күндізгі жарықты тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді. Себебі олар бұған дейін де осы кесте бойынша жұмыс істеп келген", – деп хабарлады өңір әкімдігінен.
Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы бұл шешім жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданғанын атап өтті.
"Бұл шешімді қабылдамас бұрын, біз әр ауылдық округте жиналыс өткіздік. Тұрғындар бұл бастаманы қолдады. Себебі Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқан. Сондықтан бізде күн ерте шығады. Жаңа жұмыс кестесі халыққа әлдеқайда қолайлы. Жұмыстан кейін үй шаруасына, балаларға және жақындарына көбірек уақыт қалады", – деді ол.