Шығыс Қазақстанда ұстаздар мен дәрігерлер жалақыларын ала алмай жүр

760

Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданындағы дәрігерлер мен ұстаздары қыркүйек айынан бері еңбекақыларын ала алмай келеді. 

Шығыс Қазақстанда ұстаздар мен дәрігерлер жалақыларын ала алмай жүр Фото: 24.kz

Мамандар осыған дейін айлықтарын жырымдап ғана алып келген. Тіпті берешектерін де төлей алмай, қарызға батқан.         

- Қыркүйек айындағы жалақымыздың 62 пайызын ғана алған едік. Содан кейін қалған жартысын, қазанның жалақысын енді, міне, бір-екі күн бұрын ғана алып отырмыз. Жұмыс істеп отырғаннан кейін әр жалақының тиынына дейін жұмсалатын өз орны бар. Көбімізде, жасыратыны жоқ, басымызда бірнеше несиеден бар. Олар да уақтылы төленбей, қиналып қалдық. Басшылық желтоқсанда тағы да осындай жағдай болуы мүмкін деп ескертіп, несиелерімізді алдын ала төлеуге кеңес берді, - дейді Ұлан ауданындағы ұстаздардың бірі.

Басшылық қызметкерлеріне желтоқсан айында тағы да жалақының болмайтынын ескерткенімен, олардың несие төлейтіндей қосымша табыс көзінің жоқ екенін ескермеген сияқты.

Бұл қосымша білім беру ұйымында орын алған жағдай. Сонымен қоса, Ұлан ауданына қарасты Қанай ауылындағы мектепте де дәл осындай мәселе туындаған. Басшылық пен есепшілердің түсіндіруінше жалақыны кешіктіру ШҚО-дан Абай облысының бөлінуіне байланысты болып отыр. Жаңадан құрылған Самар ауылындағы әлеуметтік қызметкерлер де жалақыларының кешіктіріліп жатқанын айтып жүр. Ал Самар ауданы бұрын Көкпекті ауданының құрамында болғанын айта кеткен жөн. Екі облыс бөлінген соң Көкпекті ауданы Абай облысының құрамына, ал Самар ауданы ШҚО құрамында қалған болатын.

Қызметкерлердің шағымын Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы да растап отыр.

- Ұлан ауданының қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне, оның ішінде балалар музыкалық мектебінің қызметкерлеріне қыркүйек айы жалақысының 62 пайызы, балалар шығармашылық үйінің қызметкерлеріне 80 пайызы төленген. Бүгінгі күні, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, келісімдер жасалу үстінде. Балалар музыкалық үйі қызметкерлер алдында қыркүйек, қазан айлары үшін 16 335 000 млн теңге; балалар шығармашылық үйі өз қызметкерлеріне 7 700 000 млн теңге берешек. Бұл берешектер 15 қарашада төленеді деп жоспарлануда, - деді басқарма басшысы Қизатов Бақытбек.

Басқарманың ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта Ұлан ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша Ұлан ауданы жалпы білім беру мекемелерінде еңбекақы берешектеріне байланысты тексеру тағайындалып, еңбекақының уақтылы төленбеуінің себебі анықталуда.

Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына ағымдағы жылдың 9 қарашасында жалақы бойынша Алтай ауданының ауданаралық ауруханасының 14 қызметкерінен арыз түскен. Одан өзге, Шемонаиха ауданындағы Ю.А. Гагарин атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің 41 қызметкері де шағымданған. Қазіргі уақытта жоспардан тыс тексеру жүргізілуде.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу