Шығыс Қазақстанда жер қазып жатқан 2 жұмысшы қаза тапты

311

Үлкен Нарын ауданында су құбыры жарылған жерде апатты-қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып кеткен.

Шығыс Қазақстанда жер қазып жатқан 2 жұмысшы қаза тапты Фото: ШҚО әкімдігі

Салдарынан "Нарын КомХоз Сервис" коммуналдық кәсіпорнының 2 қызметкері – 1983 жылы туған дәнекерлеуші Ержан Айтпаев пен слесарь 1970 жылы туған Сергей Кастерин қаза болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға орнына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барған. Әкім комиссия мүшелеріне үндеу жасап, өндірістік және еңбек қауіпсіздігіне қатысты қолданыстағы ережелерді түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтқан.

"Тыныш, бейбіт заманда өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан адам өліміне жол беру мүлдем орынсыз. Кез келген мекеме үшін ең алдымен адам өмірі мен денсаулығы маңызды болуы тиіс. Облыс әкімдігі атынан қаза тапқандардың отбасына қайғыра көңіл айтамын және жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткіземін. Сонымен қатар, тиісті органдарға оқиғаның себептерін анықтау және кінәлілердің жауапкершілігін белгілеу үшін толық әрі әділ тергеу жүргізуді тапсырдым", – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Арнайы комиссия төрағасы, ШҚО бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, оқиғаға байланысты 10 күн ішінде жан-жақты тергеу жүргізіледі.

Қажет болған жағдайда тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылады. Тергеу қорытындысы құқық қорғау және сот органдарына жіберіледі.

Облыс әкімі өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алуда кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, мұндай жағдайларда қауіпсіздік пен еңбек қорғау мәселесі аймақ басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу