Шығыс Қазақстан облысының мөлтек аудандарының бірінде әдеттегі күн бір отбасы үшін нағыз сынаққа айналды. Үлкендер бар-жоғы бірнеше минуттың ішінде баладан көз жазып қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Басында ата-анасы өз беттерінше іздеген. Алайда әр минут ғасырдай болып, қорқынышты үдете түскен. Жарты сағаттық нәтижесіз іздеуден кейін олар "102" арнасына хабар берген. Полицейлер дереу сигналды қабылдап, шұғыл іс-қимылға кірісті. Кешіктірмей жеке құрам жасақтары жұмылдырылып, аулаларды, көшелер мен шеткері аймақтарды жаппай тексеру басталды", – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары әрбір ықтимал бағытты тексеріп, тұрғындардан сұрастырды және жақын маңдағы аумақтарды – аулалардан бастап ашық жерлерге дейін мұқият қарап шықты.
"Іздеу жұмыстары шамамен 4,5 сағатқа созылды. Ақырында кішкентай қыз табылды. Бүлдіршінді үйінен 4 шақырым жердегі көлдің маңынан жедел уәкіл Медет Жансейітов тауып алды. Полицейлердің жүйелі іздеу жұмыстарының арқасында кішкентай қыз аман-есен табылды", – деп хабарлады полициядан.
Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қыздың анасы толқынысын жасыра алмады. Ол полицейлерге жеделдігі мен қырағылығы үшін шын жүректен алғыс білдірді. Бұл оқиға – әрбір ата-анаға балаларға үнемі назар аудару қажеттігін тағы да еске салады. Кейде қас қағым сәттің өзі жағдай бақылаудан шығып кетуіне жеткілікті. ️