Риддер қаласындағы жылу электр орталығында жөндеу жұмысы әлі басталған жоқ. Орталықтың қызметі мамырдың оны күні толық тоқтаған. Соған байланысты қалада қазір ыстық су да жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл тұрғындар үшін тағы да қосымша шығын. Қыстың қысымшылығын көріп шыққан шығыстағы ел, енді жаздың жаймашуақ күнін дұрыс өткізе алмайтын болдық, деп шағым айтты.
Риддер жылу электр орталығындағы биыл қыстағы жағдай мұндағы халықтың арқасын аяздай қарыды. Екі күннің бірінде жылу беретін қазандықтар бұзылып, өрт те шықты. Апат та болды. Әйтеуір, тұрғындар жарты жылға созылатын қыстан әупірімдеп жүріп аман шықты. Ал сол кезде күн жылып орталықты жөндеуге кірісетіндеріне уәде берген жергілікті билік өкілдерінің айтқаны әлі орындалған жоқ. Міне мамыр айы аяқталуға жақындаса да жөндеу жұмысын жүргізетін мердігер компания анықталмаған.