Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Шығыс Қазақстан облысындағы жеті туристік нысанды жазғы демалысқа арналған үздік бағыттар тізіміне енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тізімге табиғаты ерекше орындар, ұлттық парктер, сондай-ақ белсенді және жағажай туризміне қолайлы демалыс аймақтары енді.
Солардың бірі – Марқакөл көлі мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы. Оңтүстік Алтайдың көрікті мекені биік таулы ландшафтарымен, тұнық суымен және бай флорасы мен фаунасымен саяхатшыларды баурайды.
Үздік туристік орындар қатарында Катонқарағай ауданындағы Язевое көлі де бар. Биік тауда орналасқан бұл көл Белуха шыңына ашылатын әсем көріністерімен, альпілік шалғындарымен және табиғи тазалығын сақтаған аймағымен ерекшеленеді.
Жағажай демалысын ұнататын туристер үшін Ұлан ауданындағы Сібе көлдері мен Бұқтырма су қоймасы ұсынылады. Аталған орындар құмды жағалауларымен, көркем шығанақтарымен және демалуға қолайлы инфрақұрылымымен танымал.
Тізімге Риддер қаласы мен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы да кірді. Бұл өңірлерде тау бағыттары, қалың тайга ормандары, мөлдір көлдер мен альпілік шалғындар үйлесім тапқан.
Сондай-ақ саяхатшылар назарына Күршім ауданындағы Киін-Керіш шатқалы ұсынылды. Түрлі түсті сазды жартас пішіндерімен ерекшеленетін бұл бірегей табиғи ескерткіш "Жанып тұрған жартастар" атауымен белгілі.
Үздік бағыттар тізімін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі толықтырды. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енген парк аумағында Белуха тауы, Көккөл сарқырамасы, Берел қорғандары, Рахман қайнары секілді табиғи және тарихи нысандар орналасқан.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл бағыттар ішкі және келу туризмін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Олар саяхатшыларға Шығыс Қазақстанның бірегей табиғатын, тарихи мұрасын және мәдени құндылықтарын жақынырақ танып-білуге жол ашады.