Алтай қаласындағы балабақшаларың бірінде 5 жастағы бүлдіршін терезеден құлап кеткен. Оқыс жағдай 11 шілдеде болған.
Оқиға "Марат-Сұлтан" балабақшасында тыныштық сағаты кезінде болған. Аталған мәселе бойынша облыстық Білім бөліміне хабарластық. Өкінішке қарай, басқарма мамандары жылдам ақпарат беруге ниеттенбеді. Ресми сауал жолдауымызды талап етіп, 3-5 күн ішінде жауап беретіндіктерін жеткізді.
Аудандық Білім бөліміндегілермен де хабарласу мүмкін болмады. Бөлімдегілер жергілікті ақпарат көздеріне берген мәліметінде баланың жағдайы жақсы екендігін айтқан.
- Баланың жағдайы тұрақты. Абырой болғанда аман-есен, ешқайсы жері сынбаған. Тек іші көгеріп қалған. Дәрігерлер оны апта соңына дейін шығаратынын айтқан болатын. Ал, қазір оқиғаға байланысты қызметтік тергеу жүріп жатыр, - дейді Алтай аудандық білім бөліміндегілер.
ШҚО ПД аталған жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті.