Мемлекеттік орган балансына алынған мүліктің жалпы құны 3 млрд теңгеден асады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Екінші кезең аясында шипажайдың 1,5 млрд теңгеге бағаланған жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекетке берілді.
Оның ішіне жалпы ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер, ангарлар, монша, сорғы станциясы, гараждар, бақылау бекеттері және басқа да нысандар кіреді.
Сондай-ақ, тұрмыстық және кеңсе техникалары, жиһаздар, қайықтар, теледидарлар мен медициналық жабдықтар бар.
Бұған дейін 2024 жылдың тамыз айында мемлекеттік органдардың балансына жалпы құны 1,6 млрд теңгеден асатын 65 жылжымайтын мүлік берілген болатын. Ол кезде кейбір мүліктер сот шешімі болмағандықтан тізімге енбей қалған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, шипажай уақытша облыстық кәсіпкерлік басқармасына берілді. Алдағы уақытта оны қалпына келтіру үшін инвесторлар ізделмек. Бірақ шипажайды қайтадан жеке меншікке беру жағы қазір қарастырылып жатқан жоқ.
Айта кетейік, "Рахман қайнары" шипажайы 1964 жылы ашылған. Суының шипалық қасиетi оның құрамындағы көмiр қышқылының, радонның молдығында.
Ол түрлі ауру мен жараны емдеуде қолданылады. Шипажайдың бұрынғы иесі Анатолий Балушкин "БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО" АҚ басшысы болған.