Әлеуметтік желіде түз тағысының қала орталығында еркін жүрген сәті түсірілген видео тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қалалық әкімдік бейнежазбаның шынайылығын растады. Жедел әрекет ету топтары, полиция және орман инспекциясы жануарды іздеуге жұмылдырылғанымен, әзірге аю табылмай жатыр.
– Қазір біз бірлесіп аюды іздеп жатырмыз. Оның қайдан келгенін нақты айту қиын. Бір болжам бойынша өзенді жүзіп өткен болуы мүмкін. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық шара қабылданған, – деді қала әкімінің орынбасары Ксения Короткова.
Әкімдіктің мәліметінше, аюды бұған дейін, тамыз айының басында, қала маңынан да көргендер болған.
Осыған байланысты тұрғындарға қараңғы уақытта далаға шықпауға және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес берілді.