Шығыстағы тозған су каналдары шаруаларды тепшітпей отыр

628

Кейбір бөгетті су шайып кеткен.  

Шығыстағы тозған су каналдары шаруаларды тепшітпей отыр Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысының шаруалары суармалы егіс алқаптарына су жеткізе аламай әлек. Себебі өңірде каналдар тозып, тіпті кейбір бөгетті су шайып кеткен. 

ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, республикадағы су айдындарының 30 пайызға жуығы Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Алайда соған қарамастан өңір диқандары егістік жерлерін суару үшін су тапшылығын сезініп отыр.

- Соған орай алдағы үш жылда гидротехникалық құрылыстарды ретке келтіруді және ылғалды аз жұмсайтын агротехнологияларды енгізуді көздеп отырмыз. Су тапшылығының себебі – магистральдық және шаруашылық аралық каналдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, "Қазсушар" мекемесі облыстық филиалының балансында тұрған төрт гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту жұмыстарының аяқталмауы, - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.

Айта кетейік, жалпы облыс бойынша 84,8 мың гектар суармалы жер болса, іс жүзінде оның 17 мың гектары ғана пайдаланылуда.

Өткен жылы шамамен алты мың гектар алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылды. Нақты айтқанда, 5,4 мың гектар жаңбырлатып, 0,8 гектар тамшылатып суарылды.

Шығыс Қазақстанда осындай әдістермен жүгері, картоп, көкөніс, соя, күнбағыс сынды дақылдар өсіріледі.

Жоғарыда айтып өткендей су тапшылығын әсіресе Қүршім, Тарбағатай, Зайсан аудандарының шаруашылар тартып отыр. Себебі бұл аудандарда бөгеттер мен су қоймалары апатты жағдайда. Тіпті Күршімдегі бөгетті осыдан бірнеше жыл бұрын су шайып кеткен болатын. Өткен жылы аудан әкімдігі ауыл тұрғындар мен кәсіпкерлердің басын қосып, уақытша бөгет салған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу