Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданына қарасты Үйдене су қоймасы 5 жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Бұл гидроқұрылыс 1966 жылы салынған.
Аталған су қоймасының салынғанына жарты ғасырдан ассада, әлі жөндеу көрмеген. Нысан 2018 жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Апатты жағдайда тұрғанымен жергілікті шаруалар егіс алқаптарын әлі суарып келеді. Су қоймасына 75 млн текше метр су жиналады екен. Сонымен қатар, 4 магистралды каналы бар.
Жергілікті тұрғындар осыған дейін су қоймасына жөндеу қажеттігін талай мәрте айтқан болатын. Себебі бөгет бүлінсе, егіс алқаптары қурап, шаруалар қыруар шығынға батуы әбден мүмкін екен.
Су қоймасын реконструкциялаудың нәтижесінде ауданның шаруа қожалықтары суармалы өсімдік шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік алады. Егіс алқаптарын ұлғайтып қана қоймай, өсірілетін дақылдардың ассортиментін де кеңейтеді.
Айта кетейік, Үйдене су қоймасы қазір "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарайды.
- Негізі қайта жаңарту жұмысы 2016 жылы басталған болатын. Алайда тексеру кезінде анықталған жобалық сәйкессіздіктерге байланысты жұмыс қайта тоқтатылды, - дейді "Қазсушар" РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Нұржан Әміржанов.
Жобалық-сметалық құжаттаманы түзету бойынша өтінім Қаржы министрлігінің қарауында. Жобаның шекті құны – 2,3 млрд теңге. Республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қажет. Жуықта Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасына барып, ондағы ахуалмен танысқан болатын.
- Үйдене су қоймасының Зайсан ауданы үшін стратегиялық маңызы бар. Сондықтан мәселе Қаржы министрлігімен бірлесіп қаралады. Менің ойымша, бұл нысан мемлекет меншігінде қалуы керек, - дейді Әлібек Қуантыров.
Таунар Қайратұлы