Шығыс және оңтүстік өңірлерде су тасқыны қаупі сақталады

1037

Шығыс Қазақстан және Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы таулы өзендерінде су тасқыны болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz

Шығыс және оңтүстік өңірлерде су тасқыны қаупі сақталады

"Қазгидромет" РМК NASA спутниктерінің өңдеген суреттері бойынша Қазақстан аумағының 3% қар басқан. Қар негізінен ШҚО, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының жыраларында, орманды және таулы жерлерінде жатыр.

2022 жылғы 16-22 сәуіріне арналған апталық синоптикалық болжамға сәйкес, атмосфералық фронттардың өтуімен, батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте, оңтүстікте, шығыста, орталықта жаңбыр жауып, ол қарға ұласуы мүмкін. 

20-22 сәуірде Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстігінде қатты жаңбыр жауады, ал таулы және тау бөктерінде қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.

21-22 сәуірде Шығыс Қазақстан облысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. Осыған байланысты республиканың оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен шығыстағы тау бөктерінде беткейлік ағын жүруі ықтимал.

Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе облыстарында су тасқыны қаупінің беті қайтты. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында Жайық өзенінде судың мол болуы Ресейдегі су қоймаларының жұмыс режиміне тікелей байланысты.

Ақмола облысы өзендерінде көктемгі су тасқының қаупі сейілді. Павлодар облысындағы Ертіс өзенінде судың мол болуы жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадының (Бұқтырма және Шульба су қоймалары) жұмыс режимімен айқындалады.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының бірінші кезеңі өтті. Есіл өзенінің салалары болып саналатын Аққанбұрлық, Бабықбұрлық, Иманбұрлық өзендері Сергеев су қоймасына құяды. Мұнда су деңгейінің төмендеуі байқалады. 

Есіл, Қалқұтан, Жабай және Терісаққан өзендерінде (Ақмола облысы) су ағысының өсуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші кезеңі мамырдың басында болуы ықтимал.

Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы өзендерінде су тасқыны қаупі сақталады. Жағдай жауын-шашынға байланысты.

Сырдария, Шу, Талас, Іле, Ертіс, Жайық, Қиғаш трансшекаралық өзендеріндегі судың мол болуы Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан аумағында орналасқан су қоймаларының жұмыс режимімен айқындалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу