Шығыста көмір бағасы қымбаттап кетті

404

Шығыс Қазақстанда көмір қымбаттап кетті. Қара алтынды сататын Өскемендегі екі темір жол қоймасының бірі бағаны көтеріп жіберді. Екіншісі ақпан айының бірінен бастап бағаның өсетіндігін ескертті.

Шығыста көмір бағасы қымбаттап кетті Фото: egemen.kz

Шығыста қазір бұрынғыдай көмір тапшылығы жоқ. Бұған дейін облыс аумағында Қаражыра кен орны бола тұра қара алтынға қол жеткізу мұң еді. Көмір қоймасында күнде айқай, күнде талас туатын. 

Биыл елдің бәрі ерте қимылдады ма әйтеуір, қатты отыннан қысылдық дегендер болмады. Десе де, құнына қатысты наразылық бар. Күні кеше ғана көтерілген бағаны естігендер, қымбатшылық қыстың қысымшылығымен бірге қос бүйірден қысып барады  дейді.

"Бізде, Өскеменде қыс қатты. Енді 10 тоннаға дейін, тіпті одан да көп көмір жағамыз. Биыл көмір бағасы қымбаттап кетті дейді. Қиын болып тұр", дейді Өскемен қаласының тұрғыны Рашид Сафин.

Көмірдің қымбаттағанынан жауапты басқарма басшылығы хабардар. Бірақ бағаны реттеуге олардың құзыреті жетпейді.

"Көмірдің бағасының жоғарылауына көмір жетіспеушілігінің қатысы жоқ. Облыс бойынша темір жол тұйықтарында 10 мың тоннадан артық көмір бар", дейді ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов. 

Көмір сатушылар бағаны көтеретіндерін еліміздің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірдегі департаментіне ескерткен. Екі түрлі себебін айтқан. Біріншісі биржалық сатылымда баға жоғары. Екінші, темір жол тарифтері өскен. Сондықтан лажсыз осы қадамға барған көрінеді. Ал ондағылар қазір талдау жасап, қымбатшылықтың себеп-салдарын анықтап жатыр.

"Осы сараптаманы толық өткізгеннен кейін біз қараймыз. Егер де бәсекелестік саласындағы заңнаманың бұзушылықтары болса онда біз тікелей өзіміздің құзыреттілігіміз бойынша шаралар қабылдаймыз", деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Ринат Нәбиев. 

Өткен жылдың соңына дейін қоймадағы әлеуметтік көмірдің тоннасы 11 300 теңгеден саудаланған. Қазір 13 250 теңге. Ал коммерциялық көмірдің бағасы 1900 теңгеге қымбаттаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу