Шығыста онкологиялық аурулар көбейген

285

Өскемендіктердің тыныс алу жүйесі жиі ауыратын болды. Сонымен қатар, қатерлі ісік пен қан ауруына шалдығатындар да көп шағымданады.

Шығыста онкологиялық аурулар көбейген Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы парламенттік комиссияның үшінші отырысында еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Облыс орталығы Өскеменде өткен жиында сенаторлар өңірдегі ауаның ластануына байланысты проблемаларды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарады.

Өскемен ауасы бойынша еліміздегі лас қалалардың қатарына жататыны бұрыннан белгілі. Өйткені, өндіріс орындары өте көп. Оның үстіне кәсіпорындар қаланың қақ ортасында орналасқан деуге болады. Сондықтан экологиялық жағдайды реттеу жайлы талай рет айтылды. Ауаның ластығынан жиі ауыратын тұрғындар да дабыл қақты. Мәселен, Өскемен онкологиялық аурулар бойынша еліміздегі үздік үштікке енеді.

"Шығыс Қазақстан облысы бойынша қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші нашар деп айтуға болады. Тыныс алу жүйелері мен қан аурулары да жиі кездеседі. Бұған әрине экологияның әсері бар. Бірақ өзге де факторларды жоққа шығармаймыз", - дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

Сенаторлар мәселені заманауи экологиялық технологияларға көшу арқылы шешуге болатынын айтады. Себебі, қолданыстағы нормативтік жүйе ауа сапасын дәл анықтауға толық мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты стандарттар жүйесін реформалап, ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Сондай-ақ, жағдайды реттеудің бір жолы өңірді газдандыру.

"Бірінші кезекте көмір станциялары. Өйткені бұл өңірде газ жоқ. Сондықтан алдағы уақытта салынатын жылу электр орталығын газға қосу мәселесін қараған жөн. Техникалық құжатында болашақта газға ауыстыру жайы міндетті түрде көрсетіледі", - дейді ҚР Энергетика министрлігінің комитет төрағасы Сұңғат Есімханов.

Бұл әрине, жақын уақытта біте қоятын жұмыс емес. Өйткені ел шығысына газ ешқайдан келмейді. Тек Зайсан қаласында ғана газ бар. Оның өзін аудан халқы түгелдей тұтынып отырған жоқ. Ондағы көгілдір отынның қоры да азайып барады. Экология демекші, жақында ғана облыстағы экология департаменті басшысының орынбасары жемқорлыққа байланысты ұсталған еді. Артынан іле-шала бірінші басшының өзі күдікке ілініп, қамауға алынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу