Шығыс Қазақстанда Өскемен-Алтай-Катонқарағай-"Рахман қайнары" тас жолының құрылысы әлі тоқтап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
2017 жылы басталған жұмыс 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Жоба құны 16 миллиард теңге болған. Қазір жол бойында жұмысшылар жоқ. Бастаған істі аяқтау үшін әлі де ондаған миллиард қаражат қажет. Еліміз үшін стратегиялық маңызға ие жол қашан аяқталады? Әлде мүлдем аяқсыз қала ма?
Жоба бойынша екі таудың арасына көпір салынуы керек. Биіктігі 45, ұзындығы 175 метр болатын нысанның мұндай түрі, елімізде бұған дейін салынбаған. Құрылысы өте күрделі. Тек көпірді толық тұрғызуға 1 жыл 8 ай уақыт қажет деген еді, сол уақытта жұмысты бастаған мердігер. Қазір олар жоқ. Себебі, осы жерге дейінгі жұмысты істеп келіп, көпір салынатын аумаққа жеткенде жұмысы тоқтады. Өйткені, жер мемлекеттік орман шаруашылығына тиесілі болып шықты. Ал олардың рұқсатынсыз іс бітпеді. Содан бері 5 жыл өтті.
"Әлі күнге дейін бітпепті. Енді осы жолы үмітпен келе жатқан едік. Жол бітіп, жақсы шығар деп. Әлі сол қалпы екен. Негізі жолды жөндеп, бәріне сондай жағдай жасаса. Қайткенменен Шығыс Қазақстан енді "екінші Швейцария" дегендей, қаншама адам келгісі келеді. Көргісі келеді", - деді жолаушы Әмина Асқарқызы.
"Әсіресе, қыста көктайғақ қиын болады. Өйткені бұл жерде өр көп. Көтерілгенде, бұрылыстардан айналғанда, Камаздар келеді қарсы бетке. Сол кездерде өте қиын", - деді Алтай ауданының тұрғыны Дәулет Ауметұлы.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының қызметкерлері қазір жер мәселесі шешілгенін айтты. Бітпей тұрған жолдың екі бөлігінің біреуіне ел қазынасынан тағы да 11 жарым миллиард теңге бөлу қажет. Ақша берілсе жұмысты атқаратын мердігер дайын отыр дейді. Ал екінші бөлігіне тиісті сараптама жасалып жатыр. Оған қанша ақша керек? Тек шілде айында белгілі болмақ.
"Қаражат мәселесі қазір тоқтап тұрғаны. Бұған дейін орман қорының мәселесі болған. Ол мәселе шешілді. Қазір қаражат болса, 2025 жылы жұмыс аяқталады. Қаржы уақытында болса", - дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК ШҚО филиалының бөлім басшысы Алмаз Қасенов.
Ақша республикалық бюджеттен берілетін болғандықтан, мұндағылар дөп басып ештеңе айта алмайды. Құрлысы шала-жансар күйде қалған жолды Алтайдың інжу-маржанын көруге келетін туристер әр жерде әлі сөз қылып жүр.
Өскеменнен шығып, Алтай, Катонқарағай аудандары, одан ары қарай Рахман қайнарына баратын көліктердің бәрі осы ескі жолмен жүріп жүр. Асуы биік, бұрылысы көп, тау ішіндегі тас жолда әсіресе жаздың күндері жолаушылар өте көп болады. Сондықтан мұндағы жүргізушілер жаңа жолдың құрылысының тез аяқталғанын қалайды.