Шығыста жол жабылып, дүкендерде азық-түлік таусылды

638

Шығыс Қазақстан облысында мыңдаған адам тұратын Алтайсский кенті қарлы боран салдарынан қатынассыз қалды. 

Шығыста жол жабылып, дүкендерде азық-түлік таусылды

Соңғы бірнеше күн жауған қар жолды жауып, адамдардың орталықпен барыс-келісі үзілді. Дүкендерде азық-түлік таусылған. Тұрғындар әсіресе нанға зәру. 

Глубокое ауданы тұрғындарының айтуынша, соңғы күндері жол мүлдем жабылып, жүру мүмкін болмай қалған. Қатынас үзілген ауылдағы халық қазір азық-түлікке зәру.    

"Мүлдем шыға алмай қалдық. Сондықтан бүгін дүкенде қондым. Азық-түлік бітті. Тауар келмей жатыр. Нан таусылды. Ауылда әсіресе нан іздеген адам көп", дейді Сатушы Галина Козлова. 

Ауыл халқы жолдың толық ашылғанын асыға күтіп отыр. Қалаға қатынайтын көлік болмағандықтан жұмысына бара алмай қалған тұрғындар да бар.  

Аудан орталығы Глубокое ауылында да жағдай қиын. Кей жерлерде жиналған қардың биіктігі адам бойынан асады. Мұндағы халық көшелердің уақытылы тазармауына байланысты коммуналдық мекеме қызметкерлеріне айтар шағымы көп.

Орталықтағы көпқабатты үйлердің ауласынан көлік түгілі адам өту мұңға айналған. Адам ізі батталып, жалғыз аяқ жол ғана қалған. Көліктер қарға көміліп, шығарылмаған тұрмыстық қалдықтар шашылып жатыр.

"Кирзавод, хлебзавод, энергоцех бәрі бір жерде орналасқан. Жол жоқ. Үш-ақ техника. Міне жолдың бәрі тазаланбай жатыр. Шоферлер де жалоба жасап жатыр. Өйткені магазинге жете алмаймыз дейді. Қоменен, шанаменен тасып жатырмыз дейді жігіттер", дейді Глубокое ауданының тұрғыны Мұсабек Қаленов. 

Ал ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының қызметкерлері қарап отырмағандарын айтты. Апта бойы толассыз жауған қарды тазалап үлгермей жатқан көрінеді.

"Кейбір ауылдық-елдімекендердің жолдарын тазалау біраз кешіктіріліді. Бірақ қазіргі уақытта қарларды тазалау график бойынша өзінің расписаниасымен жүргізіліп жатыр. Аудандық жолдар және ауыл ішілік жолдар, республикалық жолдарда техникалар жұмыс істеп жатыр", дейді Глубокое аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Эльдар Ыдырышов.

Шығыста жабылған жолдың салдарынан азық-түлігі таусылған өзге де елді мекендер бар. Ондағы ел де жолды ашуға тырысып, аш қалмаудың қам-қарекетін жасауда. 

Жанболат Санияз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу