Шығыста жылу жыры бітер емес

339

Жылу жыры бітер емес. Шығыс Қазақстан облыс Катонқарағай ауданындағы кәсіпкерлер дүкеніміз суық, жылынбайтын дәмханамызда адам отыруы мүмкін емес деп наразы. 

Шығыста жылу жыры бітер емес

Онсыз да қысы ерте түсетін таулы Алтайдың тұрғындары да пәтер ішіндегі температура +10 градустан аспайтынын айтып, арнамызға шағымданды. Жергілікті биліктен қайыр болмағанына ашынған алыстағы ағайындардың мәселесі, эфир арқылы ел президентіне жетсе деген үміті бар. 

Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен-Нарын ауылы кәсіпкерлерінің айтуынша, қазан айынан бері иелігіндегі ғимараттары жылынбаған. Клиенттеріне қолайлы жағдай жасай алмай отырғандықтан келушілер де азайып кетті деп шағымданады. Жылу мәселесімен аудан және ауыл әкімдеріне неше мәрте барған. Олар түрлі сылтау айтқаннан басқа ештеңе бітірмеді деп отыр.

"Аудан орталығында жылу мәселесі күн өткен сайын қиындап барады. Бүгінге дейін аудандағы барлық билік өкілдеріне хабарластық. Олардың бәрі бір жауап береді. Күтіңіздер дейді. енді қанша күте аламыз?!", дейді Қатонқарағай ауданының тұрғыны Самал Құмарғалиқызы.

Үй суық болғандықтан кейбір ата-аналар кішкентай бүлдіршіндерін амалсыз туыстарының үйіне жіберіп, ауыртып алмаудың қамын жасайтындарын жеткізді. Айтуларынша, мектеп пен балабақшалардағы балалардың да шекесі қызып жүрген жоқ.

"Қазан айынан бері жылу жоқ. Біздің сөзімізді ешкім елемейді. Бір шара қолданылса екен дейміз", дейді кәсіпкер Гүлмира Нұғманова.

Ал дәл осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары жылу дұрыс жетпей жатқан ғимараттың иелерін кінәлады. Қысқа дұрыс дайындалмаған деді. Әрине, жылу электр орталығында көмір сапасына байланысты температура бірнеше рет түсіп кеткенін де жоққа шығармады.

Таулы өлке Катонқарағай ауданының қысы өте ұзақ. Көктемі созылып кетеді. Сондықтан мұндағы ел жылдың 9-10 айы от жағып жылынуға мәжбүр. Ал орталық жылу желісіне қосылған тұрғындар тым болмаса қыстың аязды күндері тоңбай отыруға жағдай жасалса дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу