Салдарынан Риддер қаласынан небәрі 30 шақырым қашықта орналасқан туристік аумақтағылардың қолы байлаулы, аяғы тұсаулы. Ойға алған жобаларын жүзеге асыра алмай, еріксіздің күйін кешуде. Бір қызығы бұл жаққа электр желісі оншақты жыл бұрын тартыла бастаған.
Ауасы таза, суы мөлдір бұл тұмса табиғат аясына еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, шетелден келетіндер де бар. Бірақ мұндағы үйлерде жарық жоқ. Көптеген кәсіпкерлер электр энергиясына тәуелді болғандықтан туризмді толық дамытуға қауқарсыз.
Ұзындығы 30 шақырымдай болатын электр желісінің құны сол уақытта 700 миллион теңгеге бағаланыпты. Жер жағдайын білетіндер мұнша қаржыны желге шашпай, бұрыннан бар ескі электр желісін пайдаланғанда әлдеқайда тиімді, әрі арзан болатынын алға тартты.
"Жобалық сметалық құжатын жасау үшін бұрынғы құжаттарды пайдаланса болар еді. Онда бәрі тайға таңба басқандай жазулы тұр. Қиын ештеңесі жоқ. Одан кейінгі жұмыс орман шаруашылығынан электр бағандарының бойын ағаштардан тазарту үшін рұқсат алу ғана. Сонда мұндай мәселе болмас еді", дейді кәсіпкер Владимир Климов.
Қала билігі жарықтандыру жобасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауаптылар жазаланғанын айтты. Былтыр тендер жарияланып, мердігер анықталған. Бірақ олар өз міндетін орынамаған соң, әкімдік келісім шартты бұзуға мәжбүр болған.
"Жұмыс басталады. Бірақ одан бөлек тағы бір мәселе бар. Электр бағандары орман шаруашылығы иелігіндегі жерге орнатылған. Сондықтан олармен келіссөз жүргізілуі тиіс. Барлық құжаттар әзір болған соң, жұмысты аяқтаймыз", дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов.
Жеті жыл бойы жыр болған электр желісін толық тарту үшін биыл тағы қазынадан 230 миллион теңге бөлінген. Жұмысты аяқтаймын деген компания да белгілі. Алайда, демалыс базаларында жарықтың қашан жанатыны белгісіз.