Шығыстағы ел үйлерінің суып кеткеніне наразы

621

Шығыс Қазақстанда жылу мәселесіне қатысты шу басылар емес. Өткен айда жылу орталығында апат болған Риддер халқы әлі тоңып отырғандарын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрауға мәжбүр. 

Шығыстағы ел үйлерінің суып кеткеніне наразы Фото: Nur.kz

Ал үйі суып, жылуға дұрыс жарымаған өскемендіктер тиісті мекемеден мамандарды шақырғанына бір аптадан асқан. 

Соңғы күндері Өскеменде жылу дұрыс берілмеді деп шағымданған тұрғындар көбейген. Бәрінің мұңы бір. Үйде қалың киініп жүруге мәжбүр. Баспаналары пана болмаған соң бала-шағасын басқа жаққа апарып тастағандар көп. Тоңған ел тиісті мекеме мамандарын таппай әлек.

"Өткен жексенбіде келіп көреміз, тексереміз деген. Одан бері бір жұма өтті. Енді одан кейін ешқандай баратын жеріміз болмаған соң келіп тұрмыз. Сондықтан міне хат жазып әкеліп, Өскемен жылу жүйелері орталығына өткізейін деп тұрмын", дейді Өскемен қаласының тұрғыны Ләззат Қошқарова. 

Амалы таусылған Ләззат Қошқарова көршілерінің өтінішін арқалап, Өскемен жылу жүйелері орталығына жазған арызды осылайша өзі әкеліп өткізген. 

"Өтінішін тіркейміз. Тұтынушыларға тиісті жауабын береміз. Үйлері неге суып кеткенін де анықтаймыз", деді "Өскемен жылу жүйелері" АҚ Жылу энергиясын сату жөніндегі директоры Олег Третьяков.

Риддер қаласында да жағдай мәз емес.  Тұрғындар әсіресе бүгін үйлерінің қатты суып кеткенін айтуда. 

"Біздің осы өтінішімізді президент естісе екен. Риддердің жылу орталығын қалыпқа келтірмесе жағдай қиын. Қазір үйіміз жылынғанды қойды", дейді Риддер қаласының тұрғыны Марат Әділбеков.

Ал Риддер қаласының әкімі қазір 3 қазандық жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ондағы жылу орталығының бұзылған жерін жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Жанболат Санияз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу