Шығыс Қазақстан облысында табиғи өрттің басым бөлігі оқшауланды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Дүйсенбіде сағат 06:40-та Құйған ауылдық округі аумағында құрғақ шөп жанған "Заря" учаскесінде өрт ауыздықталды. 2 мың гектар жерді жалын шарпыған болатын.
11 қыркүйек күні кешке Күршім ауданында "Марқакөл орман шаруашылығы" РММ, Бобровка орманшылығы және Төсқайың ауылдық округінің аумағында 1,8 мың га аумақта өрт сөндірілді.
Өткен сенбіде таңертең Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде, "Большенарым орман шаруашылығы" КММ, Ново-Березовка орманшылығының аумағында шамамен 1,9 мың га жердегі өрттің беті қайтты.
"Зырян орман шаруашылығы" және "Быков орманшылығы" аумақтарында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Таулы жерлерде 2,4 мың гектар аумақта бұталар мен шөптер жанып жатыр. Өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігі мен облыс әкімдігінің екі тікұшағы жұмылдырылды.