Шығыстағы спорт кешенінің құрылысы әлі аяқталмады

679

Былтыр пайдалануға берілуі тиіс ғимарат әлі бітпеген.

Шығыстағы спорт кешенінің құрылысы әлі аяқталмады Фото: Ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында басталған құрылыстар уақытылы аяқталмайтын жайт жиі кездеседі. Солардың бірі - Ұлан ауданында салынып жатқан спорт кешені.

Таврия ауылындағы бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталған болатын. Бес мыңнан астам халқы бар елдімекеннің жастары үшін салынып, спорт нысаны былтыр желтоқсан айында ел игілігіне берілуі тиіс еді. Алайда жұмыс жобадағыдай жүрмеді.

"2022 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты және жұмыс жобасында абаттандыру және шағын архитектуралық форма қарастырылмағандықтан түзетулер жүргізілді. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталу мерзімі – осы ағымдағы жылдың төртінші тоқсаны", - дейді ШҚО Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Қарлығаш Айтқазынова.

Спорт кешенінің құрылысы басталғанда ауыл халқы қуанған. Аудан орталығы статусынан айырылған соң, ауылымыздың жағдайы төмендеп, жастар баратын жер қалмап еді. Енді түзелер деген үмітіміз де ақталмады  деп, налыды ауыл ақсақалдары.

"Өсіп келе жатқан жеткіншектер бар. Келешектері бар. Оларға ол спорт қажет. Ол уақытында бітіруі керек болған. Оның бәрі әкімдіктің қолындағы нәрсе. Сол ақшаны уақытында бөліп, уақытында істеп бітіруі керек болатын", - дейді Таврия ауылының тұрғыны Шәріпхан Жолдауов.

Ауыл әкімдігіндегілер бұл кешеннің кешеуілдеуіне қатысының жоқ екенін айтып, бастарын ала қашты. Десе де ғимараттың тез біткенін қалайтындарын жасырмады.

"Таврия ауылындағы мектепте 306 оқушы бар. Бұл спорт кешенінде жалпы жоспарда - бокс үйірмесін ашу, футбол үйірмесін ашу. Көптеген бала спорт үйірмесіне қатысады деген жоспар бар", - деді Таврия ауыл әкімінің міндетін атқарушы Ғалымбек Әділетұлы.

Ал құрылысты салып жатқан мердігердің учаске бастығы қаражатқа байланысты жұмыс жоспар бойынша аяқталмады деп түсіндірді. Бірақ оның сұхбат беруіне компания басшылары рұхсат бермеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу