Ал осы өңірге көршілес Тарбағатай ауданында да соңғы оншақты күн болмаған сұйық отын кеше ғана жеткізілген. Бірақ бағасы Үкімет бекіткен шекті мөлшерден қымбатқа саудалануда.
Зайсанда жанармай тапшылығынан көліктер діттеген жеріне жете алмай амалсыз тоқтап тұр. Соңғы бірнеше күн бойы жеткізілмеген жанар-жағармай қалаға кеше жеткізілген. Бірақ ол бірнеше сағатта таусылып қалған.
"Алтыншы қаңтардан бастап жанар-жағармай жоқ. Ауа-райының қолайсыздығы ма? Шаруа қожалықтағылар малдарына бара алмай жатыр. Ауылдағыларда қарым-қатынас жоқ. Бензин жоқ", дейді Зайсан аудандық мәслихатының депутаты Манарбек Бошақов.
Ал Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылындағы халық желтоқсанның 28-інен қаңтардың 8-іне дейін бензин таппағандарын айтады. Сол уақытта қолында жанармайы бар жекелеген азаматтардың өзі құнын көтеріп, литрін 400 теңгеге дейін саудалаған көрінеді. Жанармай құю бекеттеріндегі баға да басқалардан әлдеқайда жоғары.
Аудан әкімдігіндегілер мұны біледі. Литрін 200 теңгеден сатып жатқанын айтты. Жолдың алыс, жердің шалғайлығынан баға аспандап тұр деді. Ал Ақжар ауылынан да алыс Зайсанда баға Үкімет бекіткендегідей екен.
"Бағаға байланысты қазір жұмыс жасап жатырмыз. Жолдың ұзақтығы, топтап сатылу жерлердегі қымбат бағамен алуы болып тұр. Осы жұмысымыз нәтижесін көрсетеді деп ойлаймын", дейді Тарбағатай ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұқатов.
Бұл өңірлерде бензин тапшылығы жаңа жылға дейін де сезілген. Ол уақыттағы себеп зауыт пен кәсіпкерлер арасындағы делдалдарға қатысты деп түсіндірген еді. Ал осы жолғы жоқшылыққа елді мекендегі боран мен қалың жауған қардан жолдың тазармауы себеп.
Жанболат Санияз