ШҚО-дан 110 инвестициялық жоба ұсынылды

1225

295 млрд теңгенің меморандумы мен келісіміне қол қойылды.

ШҚО-дан 110 инвестициялық жоба ұсынылды

Өскеменде өтіп жатқан "ALTAI INVEST-2018" халықаралық форумында шетелдік және отандық инвесторларға 110 инвестициялық жоба ұсынылды, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

Биыл екінші рет өткізіліп отырған халықаралық форумға облыс әкімі Даниал Ахметов, инвестициялар және даму министрінің, экономика министрінің орынбасарлары, ЕҚДБ директоры, Франция, Корея елдерінің төтенше және өкілетті елшілері, барлығы 18 елден 300 делегат қатысты.

Форумның пленарлық отырысынан соң облыс әкімдігі мен қатысушылар арасында 295 млрд теңгенің меморандумы мен келісіміне қол қойылды.

"Бұл жәй ғана сан емес. Бұдан екі жыл бұрын өткен инвест форумда ЕҚДБ банкімен қабылданған келісімдер мен меморандумдар қорытындысы бойынша ғана біз бүгінде 70 млрд теңгенің жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл қаржы институтымен алдағы екі жыл ішінде тағы да 150 млрд теңгенің келісімін жүзеге асырамыз. Шетел инвесторлары, соның ішінде қытайлық бизнесмендер шығысқа үлкен ынтамен келіп жатыр, қазір олар біздің өңірде нәтижелі жұмыс істеп те жатыр. Қытай біз үшін экспорттың үлкен нарығы. Зайсан қаласында қытайлық инвестормен біріккен шағын тракторлар зауыты жұмыс істеп жатыр, Бесқарағай ауданына да Қытай инвесторымен 4 млн доллардан астам инвестиция тартылды, жұмыстар әрі қарай жалғасады. Екі үш күннің ішінде біздің азық түлік өнімдерімізге Қытай стандарттары бойынша сертификаттау жасайтын зертханалық орталықты түбегейлі іске қосамыз". – деді форумда облыс әкімі Даниал Ахметов.

Қытай инвесторларымен байланыстар одан әрі беки бермек. Фоумда Қытай компаниясымен қабылданған меморандумның бірі біздің облыста өнімділігі жоғары жылыжай салуға бағытталып отыр.

Форумда концессиялық жолмен Өскеменде құны 21 млрд теңге болатын 300 орындық аурухана құрылысының, сыйымдылығы 3000 тонналық көкөніс қоймасының, Семей, Аягөз, Риддер, Зырян, Шемонайха қалаларында "Ақылды қала" бағдарламасымен " Сергек" жобасын жүзеге асыру сияқты бірнеше жобалар бойынша меморандумдар қабылданып, келісімдерге қол қойылды. Қалаларымыздың көшелеріне бейнебақылау жүйелерін орнатуға бағытталған "Сергек" жобасы аясында облыста 8 млрд теңгенің инвестициясы игеріледі.

Күршім ауданына, Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпір құрылысын жүргізуге де ынта білдіріп отырған бірнеше инвестор бар. Облыс әкімінің айтқанындай қазір Бұқтырма үстінен салынатын көпірдің жобалық сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптаудан өткен. Осы уақытқа дейін бірнеше шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу