Шымбұлақта екі күн бойы ел кубогы жолындағы жарыстар өтті, деп хабарлайды 24.kz. Универсиада қарсаңындағы сынақ сайыстарға тау шаңғысы мен сноуборд және фристайл шеберлері қатысты.
Универсиада кезінде сноубордтан ел намысын қорғайтын Асылбек Бисенов пен Дмитрий Егоренколар да Қазақстан кубогына қатысты. Асылбек Бисенов қателік жіберіп жарыс жолынан шығып қалды. Ал Егоренко бабында екенін байқатып бас жүлдені иеленді. Қыздар арасында Юлия Бондарева жеңімпаз атанды.
Тау шаңғысы мен фристайлдан да тәжірибелі спортшылар топ жарды. Шымбұлақ шаңғы базасының мамандары алдағы Универсиадаға дайынбыз дейді.
Қазір Шымбұлақта қар шығаратын қондырғылар күні-түні жұмыс істеп тұр. Күн күрт жылып қар болмай қалып жатқан жағдайда төбе-төбе болып үйіліп жатқан қар жарыс жолына төселеді. Жасанды қар шығаратын қондырғылар тек Шымбұлақта ғана емес "Алатау" және "Сұңқар" спорт кешендерінде де орнатылған.