Шымбұлақ тау шаңғы курортында 3 күн бойы өткен халықаралық тау және спорт фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Фестиваль қысқы туризмді ұнататын қазақстандық және шетелдік туристермен қатар, белсенді демалысқұмар жандар үшін айтулы шараға айналып кетті. Биылғы форумнан кейін "Молодежный" шыңына шыққан 150-ден астам қатысушының басым бөлігі турист екен.
Сондай-ақ, қатысушылар экстремалдық спорт түрі – маунтин байк, яғни таудан велосипедпен түсу бойынша бақ сынасты. 43 экстремал 5 шақырымдық кедергілерге толы жолды 4 минутта бағындырудан жарысты.
"Бүгін таудағы ауа-райы керемет. Даун Хилл үшін өте қолайлы болып тұр. Бірақ мен үшін бұл жолы айналмаларды, тасты еңсеру қиынға соқты. Сондықтан біршама уақытты жоғалтып алдым. Басқа қатысам деушілер үшін арнайы дайындық пен форма керек. Әйтпесе, бір қателік жіберсең, таудан төмен құлап кетуіңіз ықтимал. Ал фестивальде барлық қауіпсіздік талаптары жасалған. Жарыс қызық өтті", – дейді фестиваль қатысушысы Юрий Шильен.
"Үшінші жыл болғандықтан, сапасы жоғарылап осы жылы өте жақсы өтті деп пікір білдіріп жатыр шетелден келген қонақтар. Фестивальге біртіндеп шетелден келушілер қатары көбейіп жатыр. Өзіміздің адамдар да көбірек біліп, естіп, ағылып жатыр. Оларға Шымбұлаққа келіп, фестивальді тамашалаудың өзі қызық. Қызметкерлеріміз әр адамға көңіл бөліп, назар аударып, ыңғайлы жағдай жасап жатыр", – деді "Шымбұлақ" ТШК маркетинг бөлімінің менеджері Әсем Нұрсейітова.